Жаңалықтар

Үміткерлерді ұсынудағы әлемдік тәжірибе

Қазақстандағы үміткерді ұсыну жайы белгілі болды, ал шетелде бұл процесс қалай жүзеге асады? Осы сұраққа жауап беріп көрелік.
22.01.2016 05:24 4614

Кеше Орталық сайлау комиссиясы алдағы сайлаудың алгоритмін түсіндірген болатын. Ол бойынша, саяси партиялар өз кандидаттарын 2016 жылдың 8 ақпанына дейін ұсынуы қажет. Комиссия басшысы Қуандық Тұрғанқұлов үміткерді тіркеудің негізгі жолдарын егжей-тегжейлі баяндап берді. Қазақстандағы үміткерді ұсыну жайы белгілі болды, ал шетелде бұл процесс қалай жүзеге асады? Осы сұраққа жауап беріп көрелік.

Үміткерлерді ұсынудағы әлемдік тәжірибе

Ұлыбритания

Ұлыбританияның «Саяси партиялар, сайлау және референдум» туралы Актісінің 22-бабына сәйкес, партияда ресми тіркелген және сол партияның сайлаудағы өкілі болып табылатын адам немесе ешқандай партияның өкілі болып табылмайтын жеке тұлға, сондай-ақ мемлекеттік тіркеуден өткен саяси партияның өзі үміткер ретінде тіркеле алады.  Ешқандай партияның атынан өкілдік етпейтін, өзін-өзі ұсынушылар қатарына үміткерлерді ұсыну туралы құжатта «тәуелсіз» үміткер ретінде өзін көрсеткендер жатады.  Егер үміткер Қауымдар палатасының спикері болса, «қайта сайлануға үміткер спикер» болып көрсетілуі тиіс. Үміткерлер өздерін қандай да бір партияға жататындығын көрсетпеуге құқылы. Партияның атынан үміткер болып тіркелу үшін, үміткерлерді ұсыну құжатында партияның үміткерлерді ұсынуға жауап беретін лауазымды тұлғасының растауы болуы шарт.

Германия

Федеративті Германия Республикасы Конституциясының 38-статьясының  2-тармағына сәйкес, кәмеллеттік жасқа толған әрбір азамат сайлануға құқығы бар. Бұл елде сайлаудың аралас жүйесі қолданылады, яғни үміткерлер партияның атынан да, өзін-өзі ұсыну арқылы да сайлауға қатыса алады. Өзін-өзі ұсыну арқылы бәсең сайлау құқығын қолданушыларға тек 200 адамның қолы керек. Ал партияның атынан үміткер болатындарға ереже күрделірек. Үміткерлер партия жиналысында жасырын дауыспен сайланады және партия мүшелері ұсыныс енгізуге құқықтары бар. Әрбір сайланған партия мүшесі тек бір сайлау учаскесіне үміткер болып тіркеле алады. Демек, Германияда өзін-өзі ұсынушыларды қоспағанда, партиялық тізім бойынша да сайлаушылар нақты үміткерге дауыс береді, бұл жерде партияның беделі мен күші жанама фактор болып табылады.

Швеция

Швецияда сайлау органдарына үміткерлерді саяси партиялар ғана ұсына алады. Сайлау бюллетенінде үміткердің аты-жөні және оның қасында партияның атауы тұрады. Егер де партияның атауы болмаса, бюллетень заңсыз болып саналады. Бұл елде саяси партия тек үміткерлерді ұсынады, ал халық нақты үміткерге дауыс береді.

Сондай-ақ Швецияда саяси партияларға қатысты арнайы талап жоқ. Сайлауға қатысатын және өзінің атауы бар кез келген бірлестік пен сайлаушылар тобы саяси партия болып табылады. Оған қоса, саяси партиялар сайлауға қатысушы ретінде тіркелмесе де өз атынан үміткерлерді ұсына алады.

Оңтүстік Африка Республикасы

ОАР пропорционалды сайлау жүйесінің «жабық» түрін қолданады, яғни халық тек партиялық тізіммен дауыс береді. Сайлауға қатысуға үміт білдірген партия өз үміткерлерінің тізімін сайлау комиссиясына өткізеді. Үміткер бір сайлауда бірнеше сайлау округінен бірдей қатыса алмайды. Сондай-ақ, бюллетенде бірінші үміткердің аты-жөні, содан кейін сол үміткерді ұсынған партияның атауы тұрады. Яғни, халық нақты тұлғаға дауыс береді. Қай партияның үміткерлері көп жеңіске жетсе, сол партия басым күшке ие болады. Демек, ОАР-да пропорционалдылық қағидаты толықтай сақталған. 


Дархан Өмірбек

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға