Жаңалықтар

Саяси партиялардың әлеуеті мен қазіргі ахуалы

Саясаттанушы Жарқын Түсіпбекұлының авторлық мақаласы
22.01.2016 10:12 7751

Кеше Парламенттегі «Нұр Отан», «Ақжол» және Қазақстанның коммунистік халықтық партиясының өкілдері ресми мәлімдеме жасап, Үндеу жария етті. Үндеудің мазмұны көпшілік күткендей боп шықты. Яғни, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтан заң шығарушы органның қазіргі төменгі палатасын таратып, кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешім қабылдауын өтінді.

Саяси партиялардың әлеуеті мен қазіргі ахуалы

Үндеуден де, мәлімдемеден де Елбасы хабардар. Оны баспасөз-хатшысы әрі кеңесшісі Дәурен Абаев айтып берді. Шешім осы аптаның ішінде қабылданып та қалар. Сайлау өте қалған жағдайда (саяси шешім әлі қабылданбағандықтан осылай жазған жөн шығар) біздегі саяси партиялардың қайсысы күресуге қауқарлы, қайсысы мүдделі?

 

«Нұр Отан» партиясы

Осыдан тура 4 жыл бұрынғы сайлауда дауыс берушілердің 80,99 % қолдауына ие болып, Парламенттегі 83 орынды жеңіп алды.

Саяси партиялардың әлеуеті мен қазіргі ахуалы

Біріншіден, Төрағасы – ҚР Президенті. Өткен жылдың сәуір айының соңында өткен Президент сайлауында рекордттық қолдауға ие болған Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке қолдаушылары, қай сайлауда болмасын оның саяси партиясына дауыс беріп келеді. Әрине, «Нұр Отан» Назарбаевтың тура өзіндей дауыс жинай алмайды, дегенмен тікелей ықпалы болары сөзсіз. Бұл партияның аймақтардағы бөлімдерін Президенттің өңірлердегі өкілдері яғни әкімдер басқарып отыр. Ал сарапшылар қай саяси науқан болмасын белгілі бір деңгейде әкімшілік ресурстардың іске қосылатынын жасырмайды.

Екіншіден, заң шығарушы органдағы ең тәжірибелі депутаттардың көбі осы партияның мүшесі. Бұл да тікелей болмаса да жанама түрде ықпал етуші фактор болмақ.

Үшіншіден, 5 институттық реформа мен оны жүзеге асырудың нақты 100 қадамына қатысты құжаттарды дайындаудағы, қабылдаудағы, халық арасында оны насихаттаудағы партияның еңбегін ерекше атап өтуге болады. 2015 жылы Президент сайлауында жеңіске жеткен басты идея «Нұр Отанның» сайлауалды бағдарламасына дайын алғышарт.

Төртіншіден, таза партиялық жұмыспен айналысатын басшылық құрамы 5 ай бұрын ғана жаңарған болатын. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары болып Асқар Мырзахметов келді. Оның келуімен партияішілік жұмыстарды жаңа сапаға шығару мақсатында 30-ға жуық құжат қабылданған. Одан кейін партияға екі жаңа хатшы тағайындалды. Оның бірі – Қызылорда әкімінің орынбасары болған Наталья Годунова, екіншісі – Украинада елші болған Зауытбек Тұрысбеков.

Сайлауға қатыс-қатыспау мәселесін Мемлекет басшысының депутаттар Үндеуіне қатысты шығарған саяси шешімінен кейін жариялар жатар.

«Ақжол» демократиялық партиясы

Бұл партияның төрағасы Азат Перуашев Парламентке өтетін партиялардың қатарында болатынын естен шығармау керек. Азаматтық, «Нұр Отан» және «Ақжол» партияларының құрамында болған оның депутаттық тәжірибесі көп. Ол бұрын соңды елге есімі белгісіз боп келген тағы 7 адаммен бірге 2012 жылдан бері Парламентте отырған ол белсенділігін төмендеткен емес.

Саяси партиялардың әлеуеті мен қазіргі ахуалы

2012 жылғы парламент сайлауының алдында Алаш партиясының мұрагері болуға ұмтылатынын айтқан «Ақжолдықтар» аманатқа қаншалықты адал болғанын алдағы уақытта өту мүмкіндігі жоғары сайлаудың нәтижесінде білмекпіз. Парламент мінберінен Кенесары ханның басына сұрау салған, Әлихан Бөкейхан жылы деп жариялау туралы ұсыныс айтқан да осы партия болды. Кәсіпкерлердің мүддесін қорғап келген партияға қалталылар сайлау кезінде көмек беретіні – заңдылық. Өзге партиялармен салыстырғанда Парламентке өту мүмкіндігі жоғары. Дегенмен 7,47%-дық көрсеткішті ұлғайта ала ма? Дауыс берушілердің таңдау көрсеткіші бұл партияның өткен 4 жылдағы жұмысына лайықты баға болмақ. Партия қатары айтарлықтай жаңара қойған жоқ. Десе де жаңадан хатшы, кеңесші таңдалғанын айта кету керек. Кезектен тыс сайлауға қатысатынын төраға Азат Перуашев нақтылады.

Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы

Парламентті өзін-өзі таратуға шақырушылардың бірі – Владислав Косарев. Осы бір жас партияның егде лидері.

Саяси партиялардың әлеуеті мен қазіргі ахуалы  Коммунистік болғанымен бұл саяси құрылым тек 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 2012 жылы дауыс берушілердің 7,19% қолдауына ие болған «қызылдар» Парламентте аса белсенді бола қойды деп айту қиын. Партияға күрес тән дейтін болсақ, коммунистер сайлаудан тыс қалып көрмеген. Әрбір сайлауда жаңа есімдер шығаруда алдына жан салмайды. 2011 жылғы президенттік сайлауда Жамбыл Ахметбековты көпшілік таныса, 2015 жылы Мемлекет басшылығынан дәмелі болған Тұрғын Сыздықовты саясатқа әкелді. Екеуі де партия хатшысы. Партия ішіндегі соңғы өзгерістер ретінде осыны айта кетуге болады. Парламенттегі іс-қимылы Айқын Қоңыров сияқты есімді елге танытты. «Алда сайлау өтсе, жоқ дегенде 7 пайыздық кедергіден өтеміз», деді В. Косарев. Сайлауға қатысатыны анық.

Парламенттік партия болғандықтан бұл үш партия сайлау қай кезде өтсе де, тас-түйін дайын. Қаржылық тұрғыда, саяси ұйымдастыру, саяси науқанды өткізу жағынан да тәжірибелі саяси партиялар деп айтуға толық негіз бар.

«Ауыл» халықтық патриоттар партиясы

Парламентке өтуге әлеуетті партияның бірі – «Ауыл» халықтық патриоттар партиясы. Күрделі өзгерістерден өткен партия.

Саяси партиялардың әлеуеті мен қазіргі ахуалы

Біріншіден, «Ауыл» (Ғани Қалиев) және Патриоттар партиясының (Ғани Қасымов) алдымен төрағалары ауысты.

Екіншіден, қос Ғанидың шапан киіп партия басшылығынан кетуі екі саяси құрылымның қосылуымен аяқталды.

Үшіншіден, ОҚО әкімінің орынбасары болып, кейіннен Сенатқа өткен Әли Бектаев «Ауыл» халықтық партиоттар партиясын басқарды.

Төртіншіден, партия хатшылығына Өзбекстандағы елші Бөрібай Жексембин келді. Нұрғали Нүсіпжанов, Дулат Исабековтер бұл партияның бұрыннан мүшесі. Сайлау науқаны ресми басталғанда «Ауыл» патриоттар партиясының қатарынан елге танымал бірнеше адамды байқап қалуымыз ғажап емес. «Ауыл» ПП алдағы науқанда Коммунистердің басты бәсекелесі болуы мүмкін. Себебі экономикалық дағдарыс кезінде, энергетика көздеріне сұраныс азайғанда ел экономикасының негізгі тірегі ауылшаруашылығы болмақ. Орта және шағын бизнесті «Ақжол», аграрлы саясатты «Ауыл» көтеріп шығады. Коммунистерге қиын болатын түрі бар.

«Бірлік» партиясы

2012 жылғы сайлауда 0,66 процент дауыс алған «Әділет» партиясы сол саяси кампаниядан шеттетілген «Руханият» партиясымен 2013 жылы қосылып, «Бірлік» деген жаңа атау алған болатын. Партия лидері – Серік Сұлтанғали. Партия сайлауға қатысатынын растап отыр. Алайда, бірлік идеясы қазіргі биліктің негізгі идеясына айналғандықтан, «Бірлік» партиясының тек саяси спойлер болумен шектелуі әбден мүмкін екенін ескерте кеткен жөн.

Саяси партиялардың әлеуеті мен қазіргі ахуалы

ЖСДП

Оппозициялық саяси күштерге Әміржан Қосанов үндеу тастаған болатын. Бұрынғы өкпе-назды ұмытып, бірлік таныту қажеттігін алға тартты, Алайда, Әміржан Қосановты жиынына қатыстырмай қойған Жармахан Тұяқбайдың Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан басқа легитимді саяси күш жоққа тән.

Саяси партиялардың әлеуеті мен қазіргі ахуалы  Дәл қазір экономикалық ауыртпалықтарға наразы топты бұл саяси партия соңынан ерте алмайды. Себебі, ЖСДП 2015 жылғы Президент сайлауына кандидат шығара алмады. Сайлаудан тыс қалды. Бойкот күресудің жақсы тәсілі емес екенін саясаткер Әміржан Қосанов та өз үндеуінде айтқан болатын. Ақпараттық тасқын ЖСДП-ның 4 жыл бұрынғы сайлауға қатысқанын ұмыттырып та жіберді. Содан бері көрінбей қалды. 2012 жылдың сәуір айында осы партияның беделін тасытып жүрген Тоқтар Әубәкіров ресми мәлімдеме жасап, Президенттің командасына оралатынын айтқан еді. Әзірге Балташ Тұрсымбаев, Петр Своик сияқты егде саясаткерлерден басқа жаңашылдық жоқ. Осы партияға бір қосылып, қайта ажыраған «Азат» демократиялық партиясы соңғы ажырасудан кейін, жеке-дара саяси партия ретінде тіркеле алған жоқ. «Азаттың» лидері Болат Әбілев те саясаттан кеткенін мәлімдеген болатын.

Мерзімнен бұрын сайлауға қатысу-қатыспау туралы партия съезі шешетіндігі мәлім болды. Әлеуеті төмендеу бұл партияға күресу екі есе белсенділікті қажет етеді.


Жарқын Түсіпбекұлы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға