Жаңалықтар

5-шақырылым депутаттары 100-ге жуық заң жобасын мақұлдаған

Осы уақыт аралығында депутаттар қанша Заң қабылдап, маңызды құжаттарға қол қойды саралап көрейік.
22.01.2016 10:13 4916

ҚР Мәжілісі депутаттары Президентке үндеу жолдап, Парламент сайлауын қайта өткізуін сұрағаны мәлім. Тарих парақтарына көз жүгіртсек Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бесінші шақырылымы 2012 жылы өтіп, жаңа құрам жасақталған еді. Осы  уақыт аралығында депутаттар қанша Заң қабылдап, маңызды құжаттарға қол қойды саралап көрейік.

2012 жылы  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жаңа құрамына ену үшін сайлауға жеті саяси партия қатысып, олардың үшеуі сайлау қорытындысы бойынша сайлаушылардың 7 %-дан астам дауысына ие болды. Сөйтіп олар Парламент Мәжілісіне өтті. «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясы (80,99%), «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы (7,47 %), Қазақстан коммунистік халық партиясы (7,19 %). Парламент Мәжілісінде «Нұр Отан» партиясынан - 83 депутат, «Ақ жол» партиясынан – 8 депутат, ҚКХП-дан 7 депутат жұмыс істейді. Қазақстан халқы ассамблеясынан 9 депутат бар. Мәжілісте бәрін қосқанда 107 депутат жұмыс істейді.

5-шақырылым депутаттары 100-ге жуық заң жобасын мақұлдаған

Елбасының атына Мəжілісті мерзімінен бұрын тарату жөнінде Үндеу жариялаған депутаттар пленарлық отырысты соңына дейін жеткізіп, күн тəртібіне ұсынылған 15 заң жобасын жеделдетіп,  бірауыздан мақұлдады.

Əсіресе талқыға түскен Жастар корпусын дамыту жобасына Халықаралық қайта құру жəне Даму банкінен грант алу туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы болды. Бұл грант өтеусіз əрі қайтарымсыз екенін ескерген мəжілісмендер заңды қолдап, Сенатқа жолдады.

2012 жылы депутаттық мандатқа келген халық қалауылылары осы уақытқа дейін 100-ге жуық заң жобасын мақұлдап, қабылдаған екен. Оның ішінде Ұлт жоспары «100 нақты қадамға» қатысты заңдар да бар.

Ұлт Жоспарының кіріспесінде: «100 нақты қадам» – бұл Жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда Ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары» екені атап көрсетілген.

5-шақырылым депутаттары 100-ге жуық заң жобасын мақұлдаған

«Кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индустрияландыру және экономикалық өсім», «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» деп аталатын бөлімдерден тұратын ресми құжаттың өн бойында мемлекет дамуының алдағы уақыттағы 100 нақты қадамы айқындалған.

«100 нақты қадам» елімізде «2050 – Стратегиясын» жүзеге асыру мен Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға, жолдан адаспауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктік қорын жасап беретін болады. Бағдарламалық құжаттың 1-қадамы – Мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдерін жаңғыртуға арналған. 2 қадамда «Төменгі лауазымдарға кандидаттарды реттеу және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге асырылуы тиіс» деген міндет қойылып отыр. 3-қадам туралы айтатын болсақ, мұнда: «Қазақстан республикасының мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің рөлін арттыру» мәселесі бойынша орындалуы тиіс міндеттер жан-жақты баяндалған.

Ұлт Жоспарының 4, 5, 6 және 7 қадамдарында мемлекеттік қызметке бірінші рет қабылданушылар үшін Міндетті түрде сынақ мерзімін ендіру. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіру; Еңбекақыны нәтиже бойынша төлеуге көшу. Мемлекеттік қызметкерлердің лауазымдық еңбекақыларына өңірлік үйлестіру коэффиценттерін қосу міндеттері бойынша нақты тапсырмалар жазылған.

Ауыстырылатын мемлекеттік қызметкерлерге лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде оларға жекешелендіру құқығынсыз қызметтік пәтерлерді міндетті түрде беру (8-қадам); мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту жүйесін заңды түрде бекіту – үш жылда бір рет олардың кәсіби шеберлігін арттыру (9-қадам); мемлекеттік қызметкерлерді мансаптық жоғарылату үшін конкурстық негізге көшу (10-қадам); шетелдік менеджерлерді, жекеменшік сектордың жекелеген мамандарын, халықаралық ұйымдардың қызметкерлері болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтарын мемлекеттік қызметке жіберу (11-қадам); жаңа этикалық ережелерді енгізу. Мемлекеттік қызметтің жаңа Этикалық кодексін жасау (12-қадам) міндеттері мен оларға қатысты нақты мәселелер еліміздегі мемлекеттік қызмет саласын жаңа деңгейге көтерері сөзсіз.

Жемқорлыққа қарсы күрес – Елбасы саясатының басым бағыттарының бірі. Бұл мәселе Ұлт Жоспарының 13-қадамында – жемқорлыққа қарсы күресті күшейту қадамында көрініс тапқан. Сонымен қатар Ұлт Жоспарында Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылдау  14-қадамда, Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң қабылданғаннан кейін іс басындағы мемлекеттік қызметкерлерді кешенді аттестаттаудан өткізу мәселелері 15-қадамда сипатталған.

Ұлт Жоспарында сондай-ақ азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру (16-қадам), судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту (17-қадам), «Оқуды және сот тәжірибесі арасындағы өзара байланысты күшейту үшін сот төрелігі институты мемлекеттік басқару академиясының құрылымынан бөлінуі керек» (18-қадам) деген міндеттер қойылған.

Бүгінде елімізде сот саласын жетілдіруге байланысты көптеген іс-шаралардың атқарылып жатқаны белгілі. Осы орайда Судьялардың есеп беру тәртібін күшейту; судьялардың жаңа этикалық кодексін жасау және т.б. мәселелер Ұлт Жоспарының 19-қадамында көрсетіліп отырғанын айта кеткеніміз жөн. Құжаттың 20, 21, 22-қадамдары сот саласына арналған.

Инвестициялық даулар бойынша жеке сот істерін жүргізуді құру; Дубай тәжірибесі бойынша Астана қаласында «aifc» халықаралық арбитраждық орталығын құру; шетелдік және халықаралық соттардың үздік стандарттары бойынша сот істерін жүргізуді қамтамасыз ету үшін Жоғарғы сот жанынан беделді шетелдік судьялар мен заңгерлер қатысатын халықаралық кеңес құру; Сот ресімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқарту және т.б. маңызды мәселелер Ұлт Жоспарының 23, 24, 25, 26, 27, 28-қадамдарында көрініс тапқанын айта кеткеніміз жөн.

Құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру, жергілікті полиция қызметін құру, жол полициясы қызметкерлерінің этикасы және өзге де мәселелер 29, 30, 31, 32-қадамдарда келесі міндеттер бойынша айқындалып отыр.

Бас бостандығынан айыру орнынан босаған және сынақтан өту қызметіне тіркелген азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіру; мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту шеңберінде пенитенциярлық инфрақұрылымды жаңғырту; ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу; жер кодексіне және басқа да заң актілеріне өзгерістер енгізу және өзге де көкейкесті міндеттер Ұлт Жоспарының 33, 34, 35, 36, 37, 38-қадамдарында көрініс тапқан.

Ұлт Жоспарында белгіленген тапсырмалар еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуын одан әрі жетілдіру мәселелері қамтылған. Мәселен, мемлекеттік монополиядан біртіндеп бас тарту; құрылыстың сметалық құнын анықтаудың ресурстық әдісін енгізу; кеңестік кезеңнен бері қолданылып келе жатқан құрылыстың ескірген нормалары мен ережелерінің орнына еурокодтар жүйесін енгізу; электр энергетикасы саласын қайтадан құру тәрізді өзекті міндеттер бүгінгі күн талабымен орайлас келіп отыр.

Бағдарламалық құжатта сондай-ақ ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту; экономиканың шикізаттық емес салаларындағы орта бизнестің нақты көшбасшы компанияларын қолдауға бағытталған «ұлттық чемпиондар» белсенділігін жүзеге асыру; ғылымды қажет ететін экономиканың негізі ретінде екі инновациялық кластерді дамыту; өндіріске инновациялар енгізу жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру тетіктері бар «ғылыми және (немесе) ғылыми техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заң әзірлеу. Қазақстанды халықаралық көлік-коммуникациялық ағымдарға интеграциялау сынды ауқымды мақсаттар мен міндеттер 61 және 76-шы қадам аралығында көрініс тапқан.

Аталған міндеттердің жүзеге асырылуы ел келешегінің кемел болашағының жарқын болуына негіз болары сөзсіз. Мемлекет басшысы ұсынып отырған Ұлт Жоспары – 100 нақты қадамына енген: «Экономиканың алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қатарлы колледж бен он жоғары оқу орнында білікті кадрларды әзірлеу, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарына тарату», Назарбаев университеті тәжірибесін ескере отырып, жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кезең-кезеңімен кеңейту; Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын алға жылжыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу және жүзеге асыру; «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру және т.б. міндеттер кеңінен атап көрсетілген.


Әзірлеген Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға