Жаңалықтар

2015 жылғы «Алтын доп» жүлдесі Лионель Мессиге бұйырды

Месси өзінің спорттық карьерасында 5 рет «Әлемнің ең үздік футболшысы атанып отыр»
12.01.2016 04:33 4626

Бүгін Швейцарияның Цюрих қаласында 2015 жылғы «Алтын допты» салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Биылғы жүлде «Барселона» футбол клубының шабуылшысы Лионель Мессиге бұйырды. Ол өзінің спорттық карьерасында 5 рет «Әлемнің ең үздік футболшысы атанып отыр» (2009, 2010, 2011, 2012 жылдары қатарынан 4 рет жеңімпаз атанған).

2015 жылғы «Алтын доп» жүлдесі Лионель Мессиге бұйырды

Мессиден бөлек «Алтын доптың» үміткерлері қатарында «Реал Мадрид» шабуылшысы португалиялық Криштиану Роналду мен «Барселонаның» тағы бір шабуылшысы бразилиялық футболшысы Неймар бар еді.

Криштиану Роналду «Алтын допты» осыған дейін үш рет иеленген (2008, 2013, 2014 жылдары). Аталмыш жүлдені соңғы 8 жыл бойы тек осы 2 футболшы бөлісіп келеді.

«Алтын доп» (Ballon d'Or) жүлдесінің негізін 1956 жылы France Football журналының редакциясы қалады және ол Еуропаның ең үздік футболшысына журналистер арасындағы сұрау негізінде беріліп отырды.  

1991 жылы ФИФА өзінің әр жыл сайын берілетін «Жыл ойыншысы» (FIFA World Player of the Year) жүлдесін тағайындады. Бұл жүлде 2009 жылға дейін әлемнің үздік ер футболшысына және әйел футболшысына беріліп келді.

2010 жылы France Football «Алтын добы» мен ФИФА-ның «Жыл ойыншысы» біріктіріліп, жаңадан «ФИФА Алтын добы» FIFA Ballon d’Or жүлдесі енгізілді. Осы жылы жылдың үздік жаттықтырушысына да арнайы жүлде тағайындалды және бірінші иеленушісі Жозе Моуриньо болды.

Үздік футболшы жаттықтырушылар мен ұлттық құрамалар капитандарының, сондай-ақ журналистердің дауыс беруі нәтижесінде анықталады. 2010, 2011 және 2012 жылдары жүлдені қатарынан 3 рет Месси жеңіп алса, 2013 және 2014 жылдары «Алтын доп» Роналдудың еншісінде кетті. Португалиялық та, аргентиналық та, сәйкесінше 2008 және 2009 жылдары, France Football «Алтын добы» мен ФИФА-ның «Жыл ойыншысын» қатар алып жүрді.

2015 жылы «Барселона» сапында Месси мен Неймар Испания біріншілігін және кубогын, Еуропа Чемпиондар лигасын, УЕФА Суперкубогын және Клубтық Әлем біріншілігін жеңіп алды. Бар-жоғы бір маусым ішінде каталониялық клуб 5 жүлдені иеленді және бұл өте салмақты көрсеткіш. Онымен қоса, Месси мен Неймар ұлттық құрамалары үшін Америка Кубогында өнер көрсетті. Бұл додада аргентиналық күміс медальге қол жеткізіп, үздік ойыншы атағын жеңіп алды.   

Криштиану Роналду Португалия құрамасымен де, «Реалмен» де ешқандай жүлде ала алмады, дегенмен португалиялық Испанияның және Еуропаның барлық біріншіліктерінде гол соғу бойынша бірінші орынды (48 голмен) иеленді.

ФИФА-ның «Алтын добы» иегерін анықтауда 165 ұлттық құрама жаттықтырушысы, 162 команда капитаны және 171 БАҚ өкілі дауыс берді. Лионель Месси 41,33%, Криштиану Роналду 27,76% және Неймар 7.86% дауыс жинады. 

«Үздік жаттықтырушы» жүлдесін «Барселона» клубының жаттықтырушысы Луис Энрике иеленді.

2015 жылғы «Алтын доп» жүлдесі Лионель Мессиге бұйырды

Бұл тартыста оған бәсекелес болған ­­­­­– «Бавария» футбол клубының жаттықтырушысы Пеп Гвардиола мен Чили ұлттық құрамасының жаттықтырушысы Хорхе Сампаоли. 

Әйелдер командасының үздік жаттықтырушысы болып Джилл Эллис (АҚШ әйелдер құрамасының жаттықтырушысы) атанды. 

2015 жылғы «Алтын доп» жүлдесі Лионель Мессиге бұйырды

Әйелдер арасындағы үздік футболшы ­– Карли Ллойд (АҚШ).


Дәурен Омаров

Фото: fifa.com

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға