Жаңалықтар

Құпиясөзді күшейтудің 7 жолы

Құпиясөзді қалай күшейтуге болады?
17.01.2016 04:59 4374

Жаңадан аккаунт ашқан кезде әрбір адам сапалы, яғни күрделі құпиясөз жазғысы келеді, бірақ ондай қиын сөзді есте сақтап қалу өте қиын. Нәтижесінде көпшілік қарапайым сөздерді тере салады. Мысалы: адамның аты-жөні, туған күні және т.б. Ол аз десеңіз құпиясөз ретінде «12345678» немесе «password» деп жазатындар да аз емес екен.

Құпиясөзді күшейтудің 7 жолы

Кейбіреулер шамалы қулыққа басып, құпиясөзді таңдау кезінде «і» әрпін «1» санына, «а» әрпін «@» таңбасына ауыстыру секілді амалдарды орындайды. Немесе қарапайым сөздерді жазып соңында таңбаларды немесе қарапайым сандарды қоя салады. Одан қалса, бүкіл аккаунттары үшін бірыңғай құпиясөзді пайдаланады.

 Егер аккаунтыңызды ешкім бұза алмасын десеңіз, құпиясөзге мұқият көңіл бөлу керек.  Сонымен құпиясөзді күшейтудің қандай жолдары бар?

1. Неғұрлым ұзын болғаны абзал. Құпиясөздер 8 таңбадан аз емес, бірақ 25-тен асып кетпегені жөн. Ең дұрысы – 14 пен 25 аралығын ұстану.

2. Әліппені ұмытыңыз. Таңбалар мен сандарды қосу құпиясөзді неғұрлым күрделі етеді және оны табу өте қиын болмақ.

3. Жаңа сөздерді табыңыз. Кейде таңбалар мен сандардың өзі жеткіліксіз болып жатады. Ондай кезде жиі пайдаланылатын жаттанды сөздердің орнына көп адамның ойына келе бермейтін тың сөздерді қолданған дұрыс.

4. Таңбаларды жиі пайдаланыңыз. Құпиясөздегі кейбір әріптерді оларға ұқсас таңбалармен ауыстырыңыз. Оларды есте сақтап қалу оңай. Мәселен,  $M@!RTE?RP@2$$W30RD.

5. Құпиясөздерді жаңартып немесе алмастырып отыру. Келесі бір аккаунт ашарда алдыңғы құпиясөзді қайталамауға тырысыңыз. Егер хакер бір аккаунтты бұзса, қалғандарын да бұза алатындай жағдай тудырмаған абзал.

6. Кездейсоқ сөздерді жазуға тырысыңыз. Аты-жөніңіз, итіңіздің аты, тұратын қалаңыз, туған күн оңай анықталады.

7. Құпиясөз менеджерлеріне жүгініңіз. Егер құпиясөздеріңіз жаттап алуға тым күрделі болса, LastPass және RoboForm секілді сайттар құпиясөзіңізді сақтауға көмектеседі.


Дәурен Омаров

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға