Жаңалықтар

ӘЛЕУМЕТ

ӘЛЕУМЕТ — қазақ халқының дәстүрлі түсінігінде “жамағат”, “қауым”, “жұртшылық” мағынасында қолданылған ұғым.
28.08.2014 12:30 8465

ӘЛЕУМЕТ — қазақ халқының дәстүрлі түсінігінде “жамағат”, “қауым”, “жұртшылық” мағынасында қолданылған ұғым. Ол отбасынан, ағайын, туыс, жекжат-жұраттан бастап, ел-жұрт мағынасына дейін қамтиды. Мыс., халық ауыз әдебиетінде жиі кездесетін “Алқалаған, әлеумет, сөзіме құлақ салыңыз” дегенде Ә. ұғымы ”ағайын” мәніне жақын болса, “Әлеумет, көрдің, міне, жаңа заңды” (К.Әзірбаев) деген өлең жолында бұқара, жұртшылық мәніне ие болып тұр. Ә. ұғымының қазіргі заманғы мағынасы “қоғам”, “қауым” сөздерінің ғыл. ұғымдарымен мәндес.

Қоғам”  аталатын адамдар қауымының күрделілігі, көп қырлылығы, сонымен қатар тұтастығы оны әлеуметтік жүйе ретінде қарастыру қажеттігін алға тартады. Қоғам бір текті емес: оның алуан реттегі, әрқилы сипаттағы әлеум. құбылыстар мен процестердің бірсыпырасын қамтитын өзіндік түзілімі мен құрамы бар. Әлеум. жүйенің құрамдас элементтері адамдар, әлеум. байланыстар мен іс-әрекеттер, әлеум. қарым-қатынастар мен өзара әрекеттесулер, әлеум. ин-ттар мен ұйымдар, әлеум. топтар, қауымдар, әлеум. нормалар мен құндылықтар т.б. болып табылады. Олардың әрқайсысы өзара тікелей байланыс құрып, қоғам өмірінде ерекше орын алады әрі өзіне лайықты рөл атқарады. Осы орайда, ең алдымен, қоғамның құрылымын анықтап, оның маңызды элементтерін ғылыми тұрғыдан саралау, сондай-ақ әлеум. жүйе ретінде қарастырылатын қоғам өміріндегі олардың орны мен рөлін, өзара байланыстары мен әрекеттесулерін түсіндіру социология ғылымының басты міндеті. өзінің құрылымы арқасында ғана қоғам емін-еркін, бейберекет жиылған тобырдан да, өзінің жөнге салынған құрылымы бар өзге әлеум. құбылыстардан да мүлдем ерекше тұрады, демек, басқаша сапалық қасиеттерге ие болады. Ал, әлеум. құрылым көп жағдайға жүйе ретінде бүкіл қоғамның табандылығы мен тұрақтылығын айқындайды. Қоғам — және тұлғалардың, олардың байланыстары мен әрекеттесулерінің, өзара іс-әрекеттері мен қарым-қатынастарының жай ғана қосындысы емес, біртұтас жүйе, ал мұндай бірлестіктер жаңа интегралды, жүйелік сапаны туындататын болғандықтан, ол жекелеген адамдардың не олардың қосындысының сапалық қасиеттеріне мойынсынбайды. Әлеум. жүйе ретіндегі қоғам — өзінің дербес заңы бойынша қызмет атқарып, дами беретін әлеум. организм. өзара табиғи байланыстарына қарамастан, әлеум. құрылымға қарағанда “әлеуметтік жүйе” атауы әлдеқайда кең ұғым. Егер әлеум. жүйе өзінің аясына кіретін элементтердің бүкіл жиынтығының бір-бірімен және тұтастай әрекеттесуін ұйымдастыру тәсілі болса, онда әлеум. құрылым — жүйенің және олардың байланыстарының салыстырмалы түрде баянды, қалыпқа түскен әрі ұдайы өніп отыратын, сондай-ақ, әлеум. жүйенің тұрақтылығы мен қызмет атқаруын қамтамасыз ету тетігін құрайтын негізгі элементтерінің жиынтығы. Осы тұрғыдан алғанда әлеум. құрылым — қоғамдағы әлеум. статус пен рөлдің нығаюына ықпал ететін әлеум. жүйенің аса маңызды бөлігі, ұйтқысы, берік ұстыны. Сонымен, әлеуметтік жүйе дегеніміз — бір-бірімен өзара байланысып, әрекеттесуші және бірегей әлеум. тұтастықты құраушы құбылыстар мен процестердің тәртіптелген ауқымды жиынтығы.

Қоғамның әлеум. құрылымы әр алуан қырынан қарастырылады. Мәселен, әлеум. құбылыстар мен процестердің себеп-салдарлық (детерминшілдік) байланысы, бір-біріне бағыныстылық тәртібі анықталар кезде, қоғам, әдетте (мыс., марксшілдік социологияда) негізгі төрт арна — экон., әлеум. саяси және рухани  (идеологиялық) саланы біріктіретін тұтас жүйе ретінде алынады. Осы салалардың әрқайсысы қоғамға қарым-қатынасы бойынша оның жүйешесі (подсистема) ретінде де қарастырылады. Мұндай кезде  бұл жүйелердің әрқайсысы өзінен кейінгілерге елеулі ықпалын тигізеді; ал олар өз кезегі келгенде алдыңғыларына қайыра әсер етіп отырады.

Қоғамды әлеум. жүйе ретінде зерттеу ісі өзара байланысты міндеттерді: а) “қоғамды жалпы түрде” зерттеуді, яғни қоғамның жалпыға бірдей, әмбебап қасиеттерін, байланыстары мен жағдайларын (әлеум. философиямен етене байланыста әрі оның жетекшілігімен) зерделеуді; ә) қоғамның нақты-тарихи тұрпаттарын, өркениеттің даму сатыларын зерттеуді; б) жекелеген нақты қоғамдарды, яғни нақты өмір сүруші елдер мен халықтар қоғамын зерттеуді қамтиды.

Әлеуметтік құрылым дегеніміз — кең мағынасында: қоғамның әрқилы, алуан сипаттағы құрылымдық бөлімшелерін және олардың арасындағы байланыстарды қамтитын ортақ түзілім. Оған қоғамның әлеум.-демографиялық та, әлеум.-таптық та, әлеум.-терр. та, әлеум.-этникалық та, әлеум.-діни де т.б. құрылымдары жатады; ал тар мағынасында — қоғамның әлеуметтік-топтық жіктелуін — таптарға, әлеум. топтар мен жіктерге бөлінуін ғана білдіреді.

З. Жетегек

"Қазақстан энциклопедиясы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға