Жаңалықтар

ӘДІЛДІК

ӘДІЛДІК, Әділеттілік (араб. әдл — 1) әділдік, әділқазылық, шыншылдық; 2) турашылдық, адалдық, дұрыстық; әдәләт — 1) әділқазылық; 2) юстиция — дәстүрлі құқықтық
28.08.2014 12:05 6999

ӘДІЛДІК, Әділеттілік (араб.  әдл — 1) әділдік, әділқазылық, шыншылдық; 2) турашылдық, адалдық, дұрыстық; әдәләт — 1) әділқазылық; 2) юстиция — дәстүрлі құқықтық мәдениетте адамдар арасындағы өзара қарым-қатынастың белгілі тәртібіне тікелей қатысты принцип, адамның қоғам алдындағы ғана емес, сонымен бірге қоғамның тұлға үшін де жауаптылығын көрсететін, адамның өмір сүру жағдайлары мен сапасын білдіретін әлеум.-этик. категория. Ә. — ізгіліктің ірге тасы. “Кімде-кімнің әділдігі жоқ болса, оның ұяты да жоқ” (Абай).

Ә. уақыт ағынында өзгеріп отырады. Оның алғашқы түріне көне қоғамдағы “жазалаушы әділеттілік”  деген жатады. “Қанға қан, жанға жан”, талион, кек алу принциптері ілкі санада Ә. саналды. Қылмыс пен жаза, әрекет пен айыптау мәселелері Ә-тің осы түсінігімен түбірлес. Қоғамдағы меншіктік қатынастардың қалыптасуына байланысты жазалаушы Ә-тің орнына оны тепе-теңдік тұрғыдан түсіну алдыңғы қатарға шықты. Қоғамдық байлықты барлығына бірдей үлестіру идеясы Ә. талабына айналды. Бұл ұран желеуімен талай қантөгістер, революциялар, бүліктер жүріп жатты. Әлеуметтік әділетті орнатамыз деген желеумен бір ғасырға жуық коммунистер өз халықтарына бақытсыздық әкелді. Соц. қоғам “байлық — бұл әділетсіздік, ол кісіні аздырады, адам неғұрлым кедей болса, оның руханилығы жоғарылай түседі” деген жаңсақ пікірді құлаққа құйып келді. Шын мәнісінде, қабілеті мен білігі тең емес адамдарға мүлікті бірдей үлестіріп беру әділетсіздіктің айқын көрінісіне жатады. Мұндай түсінік әлеум. енжарлыққа әкеп соғады. Алайда, әлеум. теңдік — өркениетті қоғам құрудың басты шарты. Адамдар құдай алдында, әдеп, құқық, заң алдында тең және бірдей мүмкіндікке ие.

Нарықтық қоғамда “мүмкіндіктер теңдігі мен әділеттілігі ” деген өмірлік принцип кең етек жайған. Қоғамдық қатынастар әрбір адамның өзіндік мақсатына жету мүмкіндіктерін шектемеуі керек. Ә-тің басты өлшемі — адам құқықтары теңдігінің жүзеге асуы. “Нәтижелер теңдігі” қоғамдық байлықты өмірде табысқа жете алмаған адамдардың пайдасына қайта бөлуге әкеледі. Бұл экон. даму ынталылығын азайтады. Мыс., дәрігер мен санитардың, профессор мен ассистенттің еңбегін тең бағалау әділетсіздікке жатады. Алайда қоғам мүліктік теңсіздікті тым шарықтатып жібермеуге тырысуы қажет. Қоғам үшін пауперлер мен люмпендердің, кедей адамдардың қатары көбеюі қымбатқа түседі. Ол қоғамдық ынтымақтастық пен тұрақтылыққа кері әсерін тигізеді.

Т. Ғабитов,

Н. Өсерұлы

"Қазақстан энциклопедиясы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға