Жаңалықтар

ӘДЕТ-ҒҰРЫП ЖОСЫҚТАРЫ

ӘДЕТ-ҒҰРЫП ЖОСЫҚТАРЫ, әдет-ғұрып нормалары — дәстүрлі құқықтық жүйе; қазақ қоғамындағы ерекше мәдени құбылыс. Ол көшпелі Қазақ елінің құқықтық өмірінде үлкен рөл атқарды.
28.08.2014 12:02 3743

ӘДЕТ-ҒҰРЫП ЖОСЫҚТАРЫ, әдет-ғұрып нормалары — дәстүрлі құқықтық жүйе; қазақ қоғамындағы ерекше мәдени құбылыс. Ол көшпелі Қазақ елінің құқықтық өмірінде үлкен рөл атқарды. Күрделі де тұтас мәдени құбылыстың бір қыры ретінде қарастырылатын Ә.-ғ. ж-ның маңызы әрқилы тарихи даму кезеңдерінде әркелкі болған. Мемл. басқарудың, яки, орт. хандық биліктің күшейген тұсында олардың беделі арта түскен; ел билеушілер қалыптасқан құқықтық жосықтарды сұрыптап, жүйеге келтіруге, қоғамдық-әлеум. қарым-қатынастарды реттеу тетігіне айналдыруға ұмтылған. Мыс., Қасым ханның (1503/11 — 1518/23), Есім ханның (1598 — 1628/45) тұсында “Жолдардың” (заң кодекстерінің) пайда болуы — осының дәлелі. Бөкей Ордасында хандық билік дәуірлеген кезде Жәңгір хан да (1823 — 1845) әдеттік заң жүйесін жасауға талаптанған. 19 ғ-дың 60-жылдары қазақ даласында Ресей отарлаушыларының билігі күшейіп, пәрмені арта бастағанда Ә.-ғ. ж. мен ин-ттарына негізделген кіші заң кодекстері — “Ережелер” көп шықты. Ресей өкіметі бұл жосықтарды өз мүддесіне пайдаланып, қазақи қоғамдық қарым-қатынастарды реттеп отыру үшін икемдей өңдеді. Кеңес өкіметі де алғашқы кезде қазақ қоғамының тарихи, діни, мәдени, этик. ерекшеліктерімен санасуға мәжбүр болған. Ә.-ғ. ж-н ұлттық саясаттың ажырамас бөлігі ретінде жариялады, екінші жағынан, бүкіл елде біртұтас “социалистік заңдылықты” біртіндеп орнықтыру, нығайта түсу саясатын жүргізе берді. 1918 ж. 1 мамырда құрылған Ұлттар ісі халық комиссариаты қазақ бөлімінің негізгі мақсаты, ресми құжаттарда көрсетілгендей, “социализм мұраттары негізінде қазақтардың әдет-ғұрып құқына сәйкес азаматтық және қылмыстық істердің заң жобаларын жасау” болды. Ә.-ғ. ж-ның Кеңестік Қазақстан жағдайында өмір сүруі мен қаделенуін шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады. Біріншісінде, оларды жинастыруға, жүйелеп, қалыптауға, ретімен пайдалануға көңіл бөлінген. Мыс., 1921 ж. 29 қыркүйекте ҚАКСР Халық Комиссарлар Кеңесі “Қлу, жасау және некелік сыйлықтар туралы” декретті бекітті. Екінші кезеңде, Ә.-ғ. ж. мен ин-ттарының (құн, қалың мал төлеу, көп әйел алу), дәстүрлі билік тіректерін (билер, ақсақалар соты) тарату, қоғамға қауіпті саналған жосықтар (барымта, қарымта т.б.) бойынша іс-әрекет жасағандарға қылмыстық жаза белгілеу, кейбір жосықтарды (діни ант беру, т.б.) ресми теріске шығару шаралары күшейді. Үшінші кезеңде, яки, 1930 жылға таман Ә.-ғ. ж-на мемл. ресми түрде тиым салмағанымен, олардың пайдаланылу мүмкіндігі толықтай жойылды.

Ә.-ғ. ж-ның мемл. ресми құқық жосықтарынан айырмашылығы: олар дәстүрлі тұрмыс-тіршіліктің өзінен туындап, халықтың өмір салтына бірден “құқықтық болмыс”, “құқықтық шындық” ретінде енген, арнайы құқық түзушілік қызметті қажетсінбейтін, оған тәуелсіз өмір сүретін жүйе екендігі. Сондай-ақ, Ә.-ғ. ж. дәлме-дәл қолдануға, бұлжытпай орындауға арналмаған, әрі жоғарыдан міндеттелмеген. Қоғамдық тәртіптің классик. үлгісі ретінде қабылданатын Ә.-ғ. ж-ның сұлбасы ғана басшылыққа алынған; қоғам мүшелері кейде тәртіптік үлгіден ауытқып, ауқымнан шығып отырған. Ең бастысы, олардың ішкі мәнінің жоғалмауын, яки, Ә.-ғ. ж-на негіз қалаған принциптерге  нұқсан келмеуін қадағалаған. Ал, жекелеген жосықтар негізгі принципке бағынып, соның бұзылмауы үшін қызмет еткен — өзінің кейбір формалды, қасаң қағидаларын “құрбандыққа шалып”, нақты жағдайға орай икемделіп отырған. Соның нәтижесінде кейбір жосықтардың бірнеше нұсқасы салтқа енген. Мұны таптық-әдістемелік тұрғыдан зерттеушілер Ә.-ғ. ж-ның тұрақсыздығы, табансыздығы, үйлесімсіздігі деп түсіндірді. Отандық құқық тарихын зерттеуші ғалымдар (Т. Күлтелеев, С. Зиманов, Ғ. Сапарғалиев, З, Кенжалиев, С. Өзбекұлы, Н. Өсерұлы, т.б.) Ә.-ғ. ж-ның әмбебаптығын, икемділігін, ізгілікті сезім мен парасатты пайымға негізделген дәстүрлі мәдени құбылыс, бастапқы жүйе екенін дәйекті бағалай білді.

З. Кенжалиев,

Н. Өсерұлы

"Қазақстан энциклопедиясы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға