Жаңалықтар

Қазақтың өкпесі

Қамсыз жатқан қазақтың көңіліне соңғы кезде ғана қайғы кіре бастады. Басқа келген нәубеттің қайдан келгенін, кімнен басталғанын біле алмай, әркімнен көріп өкпеледі.
28.08.2014 04:13 5701

Қамсыз жатқан қазақтың көңіліне соңғы кезде ғана қайғы кіре бастады. Басқа келген нәубеттің қайдан келгенін, кімнен басталғанын біле алмай, әркімнен көріп өкпеледі. Пайдаланып отырған жерін мұжыққа алып берді деп күкіметке өкпеледі. Қазақ жерін қазыналық етуге неге көнген деп өткендерге өкпеледі.

Төменде қазақ өкпелеуінің жөні бар ма, жоқ па – соны жазбақпын. Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы. Атадан қалған мирасымыздың жайы мағлұм, балаға бұл қалыпта тұрып не мирас қалдырмақпыз, оны болжауға да артық әулиелік қажет емес. Көп жұртта да ғылым, өнер кем, бәрі қарайлас, тең заманда қазақ та қалт-құлт етіп, өз алдына қан болып жүрді. Қандары да, қалқы да ғылым, өнерді керек қылмаған. Бірімен-бірі жауласып, басқа берекелі жұмыс ойланбаған. Өзге жұрттар ілгері басқанда, қазақ кері басқан. Ханы надан, халқы надан жұрт мықты мемлекеттің жанында өз алдына хан болып тұруға көп күш керек екен; ол күш алтыбақан ала ауыз қазақта болмаған. Хан басын қарашыға теңгеру жеңіл болмаса да, өз алдына жұрт болып тұра алмайтұғын болған соң, хандарымыз қалқымен Ресейге қосылған.

Қазақ жерінің қазыналық болғанына өкіну – білмегендік. Әуелі, қазыналық етемін дегенде көнбеске шара жоқ. Екінші, жер өзінде болса, қазаққа пайдалы емес, бәле болар еді. Жер өзінде болған естек жұртын көрмей жүрміз бе? Жері көп, малы көп естек көрінбейді ғой. Шаруа жерімен бай, жерден айрылған соң жұмыс біткені. Естекті жерінен жұрдай ғып, түбіне жет- кен – надандық пенен жалқаулық. Шай, шекер, шүберектей болмашы нәрсеге сатып, естектер жерін тауысты. Жерден ай- рылып, шаһар-шаһарға тозып тентіреп кетті, кетпегені кедей- ліктен жүре алмайды. Тұрған шаһарының көшесін сыпыратын, қорасын тазалайтын, отынын жаратын, боқтығын таситын, оғайри қара жұмысын қылатынның бәрі болмас, көбі естек (башқұрт). 

Қазақтың естектен надандығы да, жалқаулығы да кем емес. Жер өзінікі болса, қазақ естектің істегенін істемейдді деп кім айтар? Айтатын адам болса, тыңдауға бармын, істемейді деп айтуға жоқпын.

Қазақтың әлі күнге жерден қол үзбей отырғаны – жер қазыналық болғандықтан. Бүгін тойғанына мәз болып, ертеңгісін ұмытқан қазақ бүгін жерін сатып тойып, ертең тентіреп кетер еді. Жер жалдаған қазақ аз ба? Жерді жалдаудан тартынбағандар сатудан да тартынбайды. Жер қазыналық болған соң сата ал- мады, жалдаудан тартынып қалған қазақ аз шығар. Қазақ облыстарындағы мұжық қалаларының көбіне какім қондырған жоқ, қазақ өзі қондырған. Естектер сықылды шай, қант, шүберекке қызығып жер жалдап, мұжықты ішіңе кіргізген өзің емес пе? Өзің қондырсаң, дұрыс та, какім қондырса, бұрыс па? Өткендердің көзіне қылау түскеніне өкінбей, өз көзіңе түскен қылауды аршып қара. Асқа өкпелеген балалардай құр бұртиғаннан еш нәрсе өнбейді. Іс оңға басарлық  қылығың жоқ. Ғамалыңды түзет, түземесең, ешкімге кінә қойма! Беті жаманның айнаға өкпелеуі жөн бе?  Талап  жоқ,  үміт  мол бір халықпыз. Үмітіміздің көбі қошқар... қасқырдың үміті сықылды: өзім жатсам екен, керегім өзі кеп тиер болса екен дейміз. Оны Алла да, адам да қабыл көрер ме? Еңбексіз егін шықпайды, терлесең, терің тегін қалмайды. Телміріп алған теңгеден тер сіңірген тиын жұғымды. «Қараған қарап қалар» деген қазақта жақсы мақал бар, бірақ ол мақалды ескеретұғын қазақ жоқ. Қарап жатқанда табылатын болса, ғылым, өнер бар- шасы қазақта болар еді. Олардың бірі де көрінбейді.

Ата жолдасы – надандық, өнерсіздік қазір қазақтан айрыла- тын емес. Надандықтаң кесапаты әр жерде-ақ маңдайымызға тисе де, ата жолдасымыз болған соң, бізде қиып айрылмай-ақ келеміз. Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты.  Сонда  да  соны  ғылым,  өнерден  артық  көреміз.

«Аллаңнан ойбайым тыныш» дейтін қазақ ғылымыңнан надандығын тыныш көрді. Не шара бар? Дүниада ерге теңдік, кемге кеңдік, азды көпке теңгеретін ғылым менен өнерді, ел- сізді елдіге теңгеретін, жоқты барға теңгеретін ғылым менен өнерді керек қылатын қазақ аз. Теңдікке қолы қалай жетсін? Қатерлі жерде қаперсіз отырдық. Өзімізге өкпелемесек, өзгеге өкпелер бет жоқ.

1911 ж.

А.Байтұрсынұлы / "Ел - шежіре"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға