Жаңалықтар

Ғылымда инемен құдық қазғандай

Ұлттық сөз өнеріндегі жарқын тұлға Бейімбет Майлиннің шығармашылығы сан қырлы. Қазақ әдебиетіндегі біртуар қаламгердің қоғам өмірінің көркем бейнесін сомдаған туындыларымен бүгінгі оқырман жақсы таныс дегенімізбен, оның айналымға түссе, қазақ мәдениетіне мол үлес болып қосылар, өкінішке қарай жұртшылыққа әлі күнге дейін беймәлім шығармалары аз емес. Осы реттен келгенде Б. Майлиннің белгісіз туындыларын іздестіру, табу, зерделеу, жазушының кейінгі жинақтарына қосу, оларды жалпы айналымға енгізу көптен шешімін күткен мәселе болатын.  Әрине, ғылымда инемен құдық қазғандай деп аталатын мұндай бейнеті мол іске бел шешіп, білек сыбана кірісу әрі соның үдесінен шыға білу көп дайындықты және ғылымға табиғи бейімдікті қажет етсе керек. Өзіміз әңгіме өзегіне айналдырып отырған ғалым, филология ғылымдарының докторы Серікқали Байменше қиын да күрделі, бірақ рухани өміріміз үшін қажет осы бір игілікті істі мықтап қолға алып, жазушы зертханасына тереңдей үңіліп, жұртшылықты елең еткізер тың ізденістер, ұтымды ойлар айтқан алғашқы ғалым-қаламгерлердің бірі. Енді осы ойымызды таратыңқырып айтар болсақ, С.Байменше Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде дәріс алып жүрген студент кезінен ғылымға бейімдік танытып, кітапханаларға көбірек барғыштап, қазақтың аса көрнекті қаламгері Б.Майлиннің шығармаларын жастығының астына тығып оқып, жолда кетіп бара жатса да жүріп оқып, зерделейтін. Оған мән беріп жатқан ешкім болмаса да, С.Байменшені Бейімбет шығармаларының сиқыры тартты да тұрды. Диплом жұмысына да жазушы туындыларын арқау етті. Туған жерге оралып, қызметке араласса да «шіркін-ай, Биағаңның жазушылық шеберлігінің белгісіз қырларын зерттей түсер ме еді» деген ой көңіл түкпірінде жатты да қойды. Арман ақыры шыдатпады. Университет бітіріп келгеннен кейін Ақтөбе облыстық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Ақтөбе») газетіне тілші болып орналасқан. Бұдан кейін осы газетте бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болып жұмыс істеді. Республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде Қазақстанның батыс облыстары бойынша меншікті тілші болып жүрген жерінен бәрін тастап, Алматы қайдасың деп тартып тұрды. Алайда өмірде бәрі өзің ойлағандай бола бермейді ғой. С.Байменше де сондай бір жәйтті бастан кешірді. Университетке аға оқытушы болып орналасып, ғылыми жұмыспен алаңсыз айналысам деген жоспарына түрлі себептермен өзгеріс енгізуге тура келді. Қазақстанның тәуелсіздікке ие болар қарсаңындағы сан алуан оқиғалар тізбегі Серікқалиды өмір-өзен ағысымен жетелеп, ел тәуелсіздігіне үлес қосар түрлі қызметтер атқарудың толқынына ілестіріп әкетті.
23.07.2013 04:29 5319

Ұлттық сөз өнеріндегі жарқын тұлға Бейімбет Майлиннің шығармашылығы сан қырлы. Қазақ әдебиетіндегі біртуар қаламгердің қоғам өмірінің көркем бейнесін сомдаған туындыларымен бүгінгі оқырман жақсы таныс дегенімізбен, оның айналымға түссе, қазақ мәдениетіне мол үлес болып қосылар, өкінішке қарай жұртшылыққа әлі күнге дейін беймәлім шығармалары аз емес. Осы реттен келгенде Б. Майлиннің белгісіз туындыларын іздестіру, табу, зерделеу, жазушының кейінгі жинақтарына қосу, оларды жалпы айналымға енгізу көптен шешімін күткен мәселе болатын. 

Әрине, ғылымда инемен құдық қазғандай деп аталатын мұндай бейнеті мол іске бел шешіп, білек сыбана кірісу әрі соның үдесінен шыға білу көп дайындықты және ғылымға табиғи бейімдікті қажет етсе керек. Өзіміз әңгіме өзегіне айналдырып отырған ғалым, филология ғылымдарының докторы Серікқали Байменше қиын да күрделі, бірақ рухани өміріміз үшін қажет осы бір игілікті істі мықтап қолға алып, жазушы зертханасына тереңдей үңіліп, жұртшылықты елең еткізер тың ізденістер, ұтымды ойлар айтқан алғашқы ғалым-қаламгерлердің бірі.

Енді осы ойымызды таратыңқырып айтар болсақ, С.Байменше Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде дәріс алып жүрген студент кезінен ғылымға бейімдік танытып, кітапханаларға көбірек барғыштап, қазақтың аса көрнекті қаламгері Б.Майлиннің шығармаларын жастығының астына тығып оқып, жолда кетіп бара жатса да жүріп оқып, зерделейтін. Оған мән беріп жатқан ешкім болмаса да, С.Байменшені Бейімбет шығармаларының сиқыры тартты да тұрды. Диплом жұмысына да жазушы туындыларын арқау етті. Туған жерге оралып, қызметке араласса да «шіркін-ай, Биағаңның жазушылық шеберлігінің белгісіз қырларын зерттей түсер ме еді» деген ой көңіл түкпірінде жатты да қойды. Арман ақыры шыдатпады. Университет бітіріп келгеннен кейін Ақтөбе облыстық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Ақтөбе») газетіне тілші болып орналасқан. Бұдан кейін осы газетте бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болып жұмыс істеді. Республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде Қазақстанның батыс облыстары бойынша меншікті тілші болып жүрген жерінен бәрін тастап, Алматы қайдасың деп тартып тұрды.

Алайда өмірде бәрі өзің ойлағандай бола бермейді ғой. С.Байменше де сондай бір жәйтті бастан кешірді. Университетке аға оқытушы болып орналасып, ғылыми жұмыспен алаңсыз айналысам деген жоспарына түрлі себептермен өзгеріс енгізуге тура келді. Қазақстанның тәуелсіздікке ие болар қарсаңындағы сан алуан оқиғалар тізбегі Серікқалиды өмір-өзен ағысымен жетелеп, ел тәуелсіздігіне үлес қосар түрлі қызметтер атқарудың толқынына ілестіріп әкетті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға